Президент Қ. Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты

Президент Қ. Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Бүгін Мемлекет басшысы айтулы шараға дайындық барысымен танысты. Елордада жарыстар өтетін нысандарды аралап, жүргізілген жөндеу жұмыстырының сапасын көрді. Еріктілермен сөйлесіп, жауапты министрдің есебін тыңдады. 

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – Түркі әлемінің мәдениеті мен спортын паш ететін дүбірлі дода. Абыройымызды асырып, тарихымыз бен құндылығымызды танытатын айтулы шара. Жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру, спортшылар мен туристерді қарсы алу – елге сын. Сондықтан жейтін асы, жатын орнына дейін ескерілуі тиіс. Бастысы спорттық нысандар сақадай сай болуы керек. 

Бүгін Мемлекет басшысы дайындық барысын арнайы барып тексерді. Ең алдымен, «Астана арена» стадионының дайындығын көрді. Мұнда халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу салтанаты өтеді. Отыз мың көрермен еркін сыятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылған. 

Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінің дайындығын да көрді. Мұнда орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысы тыныстырылды. Ел намысын қорғайтын спортшыларымыздың киіміне де көп мән беріледі. Президентке ұлттық құраманың киім үлгісі де көрсетілді. Сондай-ақ ғылыми және мәдени шаралармен танысты. Халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, Этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. 

Халықаралық іс-шарада 1500 ерікті жұмыс істейді. Президент жастармен әңгімелесіп, сәттілік тіледі. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, спортшыларымыз да байрақты бәсекеге барынша дайындалып жатыр. 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан. Сондай-ақ осы уақытқа дейін әртүрлі деңгейдегі 42 о қу-жаттығу жиыны өткен. 

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

– Көшпенділер ойындарының инфрақұрылымына да ерекше мән бердік. Барлық нысандар бір аумақта орналасқан. Астана аренада ашылуы, жекпе-жек сарайында күрес түрлері ұйымдастырылады. Думан қонақ үйінде интеллектуалды ойындар өтеді. 

Туристерге тартымды болатын орындар да тотыдай таранып тұруы керек. Қазір қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.