Мажар халқы асық атуға әуес
Асық ату сайысына 12 елден 39 спортшы келген. Оның сегізі Қазақстан намысын қорғайды. Жыл өткен сайын спорттың бұл түріне қызығушылар көбеюде. Әсіресе Венгрия халқы асық атуды әдетке айналдырыпты. Сондықтан да болар мажар спортшылары басты фавориттер қатырында. Испания мен Грузиядан келген қатысушылар да бар. Шет елдіктерді асық ату ойынының жас талғамайтындығы қызықтырыпты. Оның үстіне нысананы көздеп ату адам санасын серпілтеді. Бұл ойын негізінде көшпелі халықтардың көбіне тән. Бірақ көбі ұмыт қалдырған.
Аттила Вашш, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушысы, Венгрия:
– Асық ату Венгрияда да бар. Бірақ көбіне қарттар ойнайды. Біз Қазақстанға сол ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерімізді қайта жаңғырту үшін келдік. Оның үстіне қазір әлем көшпелі халықтардың өнері мен мәдениетіне қызығуда. Әзірге біздің топ өзбек спортшыларынан ұтылды. Бірақ Испаниядан бәсіміз басым. Не болса да бұл біз үшін үлкен тәжірибе.

