Президент қазақ халқын Тазару күнімен құттықтады

Президент қазақ халқын Тазару күнімен құттықтады

Бүгін наурызнаманың 10 күндігінің соңғысы - тазару күні. Сондықтан елдің түпкір-түкпірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңіне жол ашатын ауқымды экологиялық акция басталды. Осыған орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқына үндеу жасады. Құттықтау сөзінде Президент: «Таза Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасының түпкі мәні көшелерді, аулаларды және айналамызды таза ұстаудан ғана емес, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығынан көрініс табуда» деп айтты. Көктемде тіршілік атаулы оянып, жер ана бусанған шақта тазару рәсімінің жүргізілуі тегін емес. Бұл күн — табиғатпен бірге адам баласының да жаңарып, өткеннің ауыртпалығынан арылып, жаңа кезеңге қадам басуын білдіретін маңызды мерекелік белес саналады. Сондықтан, бұл дәстүрді ары қарайды жалғастыру үшін Президент көпшілікті тазалық эстафетасына қосылуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір табиғат игіліктерін ұқыпты пайдалану және саналы тұтыну жолын таңдаған азаматтарымыздың саны артып келеді. Бұл – жарқын болашағымызға кепіл болатын игі үрдіс. Мен бүкіл халқымызды тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырамын. Бәріміз күш біріктірсек, елімізді биік белестерге жетелеп, Әділетті, Таза, Өркендеген Қазақстанды құра аламыз. Баршаңызға амандық және бақ-береке тілеймін!