Президент Конституциялық комиссия жетекшілерімен жұмыс кеңесін өткізді

Президент Конституциялық комиссия жетекшілерімен жұмыс кеңесін өткізді

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады. Эльвира Әзімова халық қарауына ұсынылған жаңа Ата Заң жобасы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, eGov және e-Otinish порталына жұртшылық тарапынан келіп түскен ұсыныстар саны 4 мыңнан асқан. Әрі, саяси партиялар, республикалық және өңірлік қоғамдық ұйымдар жаңа Конституция қабылдау жөніндегі бастамаға қолдау білдіріп жатыр. Президент Конституциялық комиссия жұмысы ашық форматта жалғаса беруге тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев сарапшылар мен қоғам өкілдері жолдаған ұсыныстардың барлығын жіті талдауды тапсырды. Комиссияның кезекті отырыстары ертең, яғни 7-ақпанда және келесі аптада жалғасады.