Президент Мұхтар Шахановтың отбасына көңіл айтты
«Жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың нар тұлғасы Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты оның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда: «Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады», - делінген. Ұлт перзенті, аса көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов соңғы уақытта ұзақ уақыт ауруханада жатқан. Алдағы шілде айында 84 жасқа толар еді. Ол тең қазақтың ғана ақыны болған жоқ. Еңбектері 60 астам тілге аударылып, 120-ға жуық халықаралық сыйлық алған. Мәселен, «Эйнштейн» алтын медалі, Қырғызстанның халық ақыны сияқты марапаттары да бар. 2022 жылы Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайда Президент оған «Қазақстанның Еңбек ері» атағын беріп, кеудесіне «Отан» орденін тақты.

