Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізді

Денсаулық сақтау, цифрландыру, агроөнеркәсіп кешені және тағы басқалар. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесінің отырысында 10 ұлттық жоба мен оларды дамыту тұжырымдамалары ұсынылды. Бұл жобалар Жалпыұлттық басымдықтар мен 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын жүзеге асыруға бағытталған.

Қайрат Келімбетов,  ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы:

- Мемлекеттік жобалар жүзеге асар болса, 1 млннан аса жаңа жұмыс орны құрылады. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа дейін ұзартылады. Өңірлер арасындағы жан басына шаққандағы ЖІӨ айырмашылығы 3 есе қысқарады. Халық негізгі мемлекеттік қызметтерді толықтай ала алады.

Мемлекет басшысы ұсынылған ұлттық жобалардың тізімін қолдады және Үкімет пен Агенттікке 15 тамызға дейін ұлттық жобалардың нақты, келісілген әрі қаржылай қамтамасыз етілген мәтінін енгізуді тапсырды. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа органы – Кеңеске жүктелетін міндеттерге де тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кеңес – бұл түбегейлі жаңа институт. Ол шешім қабылдау және бақылау сияқты нақты ықпал ету тетіктеріне ие болуы тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару органына кейбір жергілікті салықтар бойынша бекітілген мөлшерлеме аясының шегінде түзету енгізу құқығын беру маңызды жаңалық болмақ. Бұл ретте дәл осы кеңес ауылдағы нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты шешім қабылдайды. Яғни бизнес өкілдерін тарту үшін фискальді кірістің барынша көп болғаны қажет пе әлде салықтың мейлінше төмен болғаны керек пе оны кеңес өзі айқындайды.