Қасым-Жомарт Тоқаев Катар басшысымен екіжақты келіссөздер жүргізді

Катар - Қазақстанның Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктесі. Қасым-Жомарт Тоқаев республикаға ресми сапармен келген Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен екіжақты келіссөздер жүргізді. Екі елдің көшбасшылары сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастықты арттыру жолдарын талқылады. Бүгінде елімізден Катарға экспорт көлемі 3 миллион долларды құрайтынын айта кеткен жөн. Оны 70 миллионға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта барлық мүмкіндік қарастырылған. Алдағы жыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жыл толуына арналмақ. Тараптар стратегиялық әріптестік туралы уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жоғары мәртебелі шейх Тәмим мырза, өзіңізбен Қазақстанда кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Менің шақыруымды қабыл алып, мемлекеттік сапармен Қазақстанға келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз бүгін екіжақты қарым-қатынастың ең маңызды мәселелері бойынша тиісті уағдаластықтарға қол жеткіземіз. Біз үшін Қатар Мемлекеті – Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктес. Сондықтан қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді саламыз

Шейх Тамим Бен Хамад Аль Тани, катар ӘМІРІ:

– Жоғары мәртебелі президент мырза, еліңізге мемлекеттік сапармен шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Кейінгі жылдары әртүрлі саладағы байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Бүгінгі мемлекеттік сапар аясында маусым айында Дохада өткен экономикалық форум кезіндегі бірқатар уағдаластықтарды бүгін талқылаймыз. Бұл келісімдердің мақсаты – бірнеше салада ынтымақтастықты дамыту. Бүгін біз кеңейтілген құрамда министерлердің қатысуымен осы мәселелерді жан-жақты қарастырамыз. Сондай-ақ ертең өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінің сәтті өтуіне тілектестік білдіремін.

Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудара отырып, қазақ-қатар қарым-қатынасының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Келіссөздерден кейін мемлекет басшылары бірқатар құжатқа қол қойды.