Аудан әкімдерін сайлау уақытша тоқтатыла ма?
«Ауыл әкімдерін сайлауды уақытша тоқтатуға құзіретіміз жоқ», — бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәжілісмен Ерлан Сайыров жолдаған депутаттық сауалға осындай жауап қайтарды. Келітірілген дәйекке қарағанда, мұндай саяси науқандарға қатысты орталық тікелей араласып, қандай да бір шешім шығаруға құқылы емес. Ал бұл мәселені шешу үшін Конституциялық заңға, сосын жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне өзгерістер енгізуге өтініш берілуі қажет. Айта кетейік, бұған дейін мәжілісмен Ерлан Сайыров депутаттық сауалында ауыл мен аудан әкімдерін сайлауға мораторий жариялауды ұсынған. Оны Орталық сайлау комиссиясына жолдады. Депутат мұндай саяси науқан өткізуге әлі ерте деп есептейді. Өйткені науқанның дұрыс өтпей жатқандығы жөнінде шағымдар өте көп. Сайлау басталған 5 жыл ішінде 2 мың 334 ауыл әкімі сайлаудан өтіп, креслоға отырған.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бізге тек сайлау
процесі ғана емес, өңірдің өркендеуі, ауыл тұрғындарының бірлігі мен сенімі
маңызды. Менің ойымша тиімді тұсы сараланбаған аудан әкімдерін тікелей сайлау
әлі ерте. Ең алдымен ауыл әкімдерін сайлау жүйесі мен тетігін әбден жетілдіріп
алу керек. Олардың абыройын арттырып, қолына бюджет берейік, құзіретін
кеңейтейік. Осылайша ауыл саясаткерлерінің кәсіби корпусы қалыптасады.

