Прокуратура 32 мыңнан астам заңсыз шешімді тоқтатты
Прокуратура органдары сотқа дейінгі тергеу сатысында 32 мыңнан астам заңсыз шешімді тоқтатты. Олар Қылмыстық-процестік кодекске сай келмейді. Бұл туралы президент қабылдауында Бас прокурор айтты. Берік Асылов елдегі криминогендік ахуал мен азаматтардың құқығын қорғау шаралары туралы есеп берді. Атап айтқанда, заңсыз ұсталған 1 жарым мыңнан аса адам босатылды. Бас прокурордың қарсылығы негізінде 150 тұлғаға қатысты істің мән-жайы өзгерді. Соның ішінде 10 адам толық ақталды. 81 мың кәсіпкердің, 979 мың зейнеткердің және басқа да азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Былтыр мемлекет пайдасына 627 миллиард теңгеден асатын өтемақы қайтарылған. Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» қағидасын іске асыру, барлық салада заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

