Су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны 5 есе артқан
Елде мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде су үнемдеу
технологияларын енгізу қарқыны 5 есеге артқан. Мәселен, соңғы үш жылдың өзінде
Түркістан облысында бұл мақсатқа 93 миллиард теңге бөлініпті. Жаңа жүйе
тіршілік нәрін үнемдеп қана қоймай, шаруалардың өнімділігін еселеуге мүмкіндік
беріп отыр. Қазір өңір диқандары тамшылатып суару әдісіне жаппай көше бастады.
Шардаралық Марат Алғибаев – ауласындағы аядай жерге
жылыжай салған. 4 жыл бұрын тамшылатып суару жүйесін де өз қолымен құрастырған.
1 тонна су сиятын ыдыс орнатып, аз ғана сумен мол өнім алудың жолын тапқан.
Шаруа қазір бұл әдістің тиімділігін өзгелерге де үлгі етіп жүр.
Марат Алғибаев, шаруа:
- «Төрт жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатырмын.
Жылына екі рет өнім аламыз. Мынаның ішінде бір бетте 5 жүйек, екі жақта 10
жүйек. 500 түпке жуық көшет егемін. Содан 45-50 күнде өнім аламын. Ұрық қылып
еккеннен, өнім алғанша 50 күндей уақыт кетеді»
Жалпы, Түркістан облысындағы 575 мың гектар ағын сумен
көктеп-көгеретін алқап бар. Бұл – бүкіл республикадағы суармалы жердің төрттен
бір бөлігі. Бүгінде оның 114 мың гектарына үнемдеу технологиясы енгізілген.
Биыл бұл көрсеткішті тағы 50 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Өйткені
өңірге келетін ағын судың 60 пайыздан астамы көршілес Қырғызстан мен
Өзбекстаннан келеді. Сондықтан жаңа технология ең алдымен су тапшылығы қатты
сезілетін аудандарға енгізілмек.
Нұрбол Маратұлы, Түркістан облысы Су ресурстар бөлімінің
басшысы:
- Қазіргі таңда 114 мың гектарға жуық енгізген алқап бар. Су үнемдеу технологиясын. Биылғы жыл Мақтарал, Шардара, Жетісай. Бізде негізгі ағын судың 63 пайызы трансшекаралық. Өзендер мен каналдарға тәуелді. Ол Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне. Осыған байланысты осы төменділікті азайту мақсатында басымдылықты осы үш ауданға беріп отырмыз.
Сарапшылардың пікірінше, тамшылатып суару әдісі
өнімділікті 2,5 есеге дейін арттырып, су шығынын екі есеге азайтады. Бұл
жаңашылдықты дамыту үшін мемлекеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Бағдарламаға
сәйкес, тиімді жүйені орнатқан шаруаларға әр гектар үшін 800 мың теңге
көлемінде субсидия қарастырылған.

