Құрылтай сайлауы: үгіт-насихат науқаны басталды
Елдегі үлкен саяси науқан - Құрылтай сайлауына дайындықтың жаңа кезеңі басталды. Яғни, тура бір сағат бұрын додаға түсетін 7 партияның депутаттыққа үмітті кандидаттарын тіркеуі ресми аяқталып, үгіт-насихат жұмыстары басталды. Енді саяси ұйымдар толық бір ай аймақтарды аралап, өз сайлаушыларымен кездеседі. Содан кейін үлкен додаға түседі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясында партиялардың аймақтағы штабтарының жұмыс істеу ережесі түсіндіріліп, қатарға қосылып жатқан бақылаушылар бойынша есеп берілді. Өңірлердегі дайындық айтылды.
Сүндет Оралбек, тілші
- Қайырлы кеш, Әнуар! Иә, саяси партиялар енді шындап таласқа түседі. Сайлау заңы бойынша 18:01-де кандидаттарды тіркеу аяқталып, үгіт-насихат науқаны басталып кетті. Әзірге, бір сағат бұрын додаға қатысатын 6 партия сайлау алды штабын ашқан. Енді бір партияның штабы сағат 20:00-де іске қосылады.
Енді кандидаттар бір ай бойы жер-жерді аралап, өздерінің бағдарламасын таныстырады. Бұл науқан 22 тамыз түнгі 12-ге дейін жалғасады. Заңға сәйкес, үгіт 4 тәсіл бойынша жүргізіледі. Олар бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн платформалар арқылы, жария іс-шаралар өткізу және үгіт материалдарын тарату жолымен жүзеге асырылады.
Сайлауды өткізуге 71
мың комиссия мүшесі жұмылдырылады. Науқанның әділ өтуін шетелдік байқаушылар
қадағалайды. Осыған дейін түрлі халықаралық ұйымдардан, алыс-жақын шетелдерден
86 байқаушы аккредитациядан өтті. Орталық сайлау комиссиясы бақылаушылар саны
бүгін тағы 10 адаммен толыққанын хабарлады.

