Сенатта «Qazaq Oxford Dictionary» сөздігі таныстырылды

Сенатта қазақ-ағылшын сөздігі таныстырылды. Oxford баспасынан жарыққа шыққан жинақта 60 мыңнан астам сөз бар. Сөз тіркестерін қоса алғанда тіпті олардың саны жарты миллионға жетеді. Депутаттар мемлекеттік тілдің жаһандық лингвистикалық қауымдастық жүздігіне қосылуы зор мәртебе екенін айтады. 4 жыл бойы құрастырылған сөздікке заманауи қазақ және ағылшын тілдерінің ерекшеліктері ескерілген. Жаһандану тіліне қазақтың мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы және сауда бағытындағы кәсіби сөздер аударылып ғылыми негізде берілген. Жоба авторлары 10 мың данамен шыққан басылым кешенді айналымға ену үшін аздық ететінін айтады. Бұның шешімін табу қамында қазіргі таңда мамандар кітаптың электронды нұсқасын әзірлеуге кіріскен.

Рауан Кенжеханұлы, «Қазақ тілі» Халықаралық қоғамының президенті:

- Қазіргі тілмен айтқанда қосымша ретінде орнатамыз. Оның алғашқы нұсқасы бар. Біз ол қосымшаны кеңінен алғымыз келіп отыр. Қазақ тілінің ағылшын тіліндегі және орыс тіліндегі аудармасын, одан кейін түсіндірмесінің дыбысталуын тыңдағысы келетін адам бір жерден тапса дейміз барлығын. Айна қатесіз тура және мазмұны жағынан өте мұқият жасалған аударма болғаннан кейін, осы мәтіндердің барлығы кең қолданылатын Google немесе Яндекс болсын, аударма қызметтеріне енгізіліп жатыр.