Шымкентте көп балалы және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жаңа пәтерлер берілді
Шымкентте мереке қарсаңында көп балалы, толық емес отбасылар мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар жаңа пәтер кілттерін иеленді. Әкімдік қаражатын тұрғызылған пәтерлер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде берілді. Ал бағдарламаның операторы – «Отбасы банк». Тұжырымдама аясында тұрғын үйге кезекте тұрғандар баспананы екі пайыздық мөлшерлемемен сатып ала алады.
Ақжарқын Шойбекова бұл күнді 12 жыл күткен. Жағдайы болмағанына қарамастан, осы күнге дейін пәтер жалдап келген. Отбасы банкіне ұсыныс берген соң, екі айдан кейін Бозарық ауданынан жаңа үш бөлмелі пәтер алды. Алған әсерімен бөлісті.
Ақжарқын Шойбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:
– Пәтер өте керемет. Міне 12 жыл күттім. Барлығына ризамын. Қуаныштан жылағым да келіп жатыр. Барлығыңызға рахмет. Отбасы банкте мені жақсы қарсы алды. Жақсы жауап берді.
Баспанаға мұқтаж болған ондаған тұрғын бүгін жаңа пәтерлеріне жайғасты. Қала әкімі салтанатты түрде кілттерді табыстады. Мұнда бар жағдай жасалған.
Айта кетейік, 2 пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиені алуға көпбалалы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар тұрғындар үміткер бола алады. Тек 10 пайыз бастапқы жарна болуы шарт. Несиелеу мерзімі 20 жылға дейін.
Дәурен Саудабаев, «Отбасы банк» ШҚФ директоры:
– Қазіргі уақытта бұл ауданда қырық жеті үй салынып жатыр. Әзірге 7 үйдегі пәтерлер үлестіріліп жатыр. Яғни 304 пәтер беріледі. Бүгін 30 тұрғын кілттерін алды. Алдағы уақытта тағы екі жүзге жуық адам осы үйлерге қоныстанады.
Биыл Шымкентте төрт мыңға жуық тұрғын несие алып, қоныс тойын тойлады. Мұндай мүмкіндікті пайдаланғысы келетіндер «Отбасы банктің» филиалдарына жүгіне алады.

