ШЫҰ халықаралық аренада ықпалды ұйымға айналды

Шанхай ынтымақтастық ұйымы халықаралық аренада ықпалды ұйымға айналды. Бұл туралы Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы бүгін Jibek Joly-Silkway арнасына берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді. Антониу Гутерриш институттың өңірлік қауіпсіздікті қамти отырып, экономикалық интеграция мен көпқырлы қатынасты тереңдетуге ұмтылысын жоғары бағалады. Мұндай құрылымдар ғаламның әр түкпірінде бейбітшілікті ілгерілету мен сүйемелдеуде шешуші рөл атқарады, - деді.

Сонымен қатар, ол климаттық дағдарыс пен елдер арасында шиеленіс күшейіп, теңсіздік белең алған тұста, қарама-қайшылықтарға қарсы күш біріктіру керектігін де тілге тиек етті. Осы ретте Антониу Гутерриш Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуші ел ретінде Қазақстанның рөлін ерекше атап өтті.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Қазақстан бастамалары мен төрағалығының нәтижелері Біріккен Ұлттар Ұйымының күнтәртібіне сай келеді. Біздің серіктестігімізді жалғастыру үшін мығым негіз қалады. Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы кезінде өңірлік ынтымақты нығайтудағы күш-жігерін атап өту керек. Климаттың өзгеруі, сауда, экономика мен мәдениет және гуманитарлық мәселені шешуімен, тағы шамамен 80 іс-шара өткізуімен ерекшеленді. Бұдан бөлек, Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының тиімділігін арттыруда жалпы стратегиялық мақсатты барынша көпжақты тұғырнамаға айналдыру бойынша жұмыс істеді.