Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы
Бақуатты, бай мемлекетте тұрса да отандастарымыз қалайша «орташа
табыс тұзағына» түсті? Азаматтардың тапқан-таянғаны инфляцияға қалай жұтылып
жатыр? Оны тежеудің амалы қайсы? Елде салық жүйесі ғана емес, экономиканың
құрылымы өзгеріп жатыр. Кез келген өзгерісті халық тосырқай қабылдайтыны рас.
Бірақ елде салық мәдениетін қалыптастырып, экономиканы реттеп, түзу жолға
салатын кез келді.- деді Президент.
Салық – жай ғана міндет емес, мемлекет пен азамат
арасындағы заманауи келісім. Уақытында төлесеңіз – жол салынады, мектеп пен
аурухана бой көтереді, қауіпсіз орта қалыптасады. Алайда, адамнан айла артылар
емес. Кәсіпкерлер қосарланған бухгалтерия арқылы табысын жасырады. Кейбірі
кәсіпорнын банкрот деп жариялайды. Бұл салық төлеу мәдениетінің қалыптаспағанын
айғақтайды. Десе де, мұндай саналы көзқарастың біздің қоғамда қалыптасуы ұзақ
уақыт алмайды. 4 жылдың ішінде жемісін береді дейді мамандар.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Біз неғұрлым салықты төлеген сайын біздің қосымша
табысымыз артады. Бізге берілетін
мүмкіндіктердің жоғары болатыны, немесе Мемлекет тарапынан болатын қолдаудың
жақсы болатынын сезінетіндей жүйе қалыптастыру керек. Қазіргі процесс осының
алғышарттары деуге болады.
Қазір жұрттың тапқан табысы ипотека, оқу ақысы мен
ас-ауқатынан артылмайды. Сырқатса немесе жұмысынан айырылса, басқа да көлденең
қырсыққа ұшыраса, бітті дей бер! Тұрмыстағы тұрақтылық бұзылады. Бұл еліміздің «орташа
табыс қақпанына» түскенінің дәлелі,- деді Президент. Бірақ, бұл кедергіні де
жеңуге болады. Ол үшін мұнайдан басқа табыс көзі керек. Экономикалық өсім 5,5
пайыздан асуы тиіс.
Айдар Мақсатбаев, сарапшы:
- Орта табыс тұзағына түскен мемлекет осы кезеңде жаңа
қаржыландыру көздерін іздеуге, экономикалық модельді қайта құрылымдауға бет
бұруы тиіс. Қазіргі таңда біз де бірнеше жылдан бері табиғи ресурстар
экспортына негізделген экономикадан бас тартып, қосылған құны өте жоғары өнім
өндіруге бағытталған жаңа даму моделіне көшуге талпынып келеміз.
Инфляция ырық бермей тұр. Төл теңгеміздің әлсіреуі
жұрттың қалтасын жұқартты. Мемлекет басшысы сұқбатында бұл мәселеге ерекше
тоқталды. Бюджет қаражатын барынша тиімді жұмсау керегін баса айтты. Себебі,
экономикаға орынсыз ақша құя беру инфляцияны күшейтіп жібереді. Сол үшін қаржы
қажетті жобаларға бағытталуы тиіс. Сондай-ақ, халықтың кредиттік жүктемесінің
артуы да инфляцияны тежеуге тосқауыл болып тұр. Үкімет несібесін несиеге
байлағандардың санын азайту үшін нақты әрекетке көшті дейді мамандар.
Айбар Олжай, экономист:
- Кредиттер өте қымбат. Халық кредит алуды тоқтатады. Мемлекет кредит алуды қатаңдатты. Банктер кредит беруіне де өзгерістер енгізді. Пронециалды нормалар, төлем қабілеттерін есептеу коэфиццентері қатаңдады.
Бұл бағытта Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу
және дамыту агенттігі күш біріктіріп, алдағы үш жылға арналған кешенді
бағдарлама қабылдады. Басты мақсат инфляцияны төмендету арқылы азаматтардың
тұрмыс сапасын арттыру және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету.

