Тау-кен металлургия кешенін жаңғыртуға 1 трлн теңгеден астам қаржы бағытталған

Тау-кен металлургия кешенін жаңғыртуға 1 трлн теңгеден астам қаржы бағытталған

Отандық тау-кен металлургия саласы терең өңделген өнім өндірісіне баса назар аударады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Әділбек Сәрсембаев 11-ші тау-кен металлургиялық конгресінде мәлімдеді. Шикізаттық моделден терең өңдеуге көшу бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған отандық тауарларды кеңейтуге мүмкіндік береді. «Жоғары өнімділікке қол жеткізудің бірден бір жолы – өндірісті сандық үлгіге көшіру», – дейді мамандар. Ол – цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні қолдану арқылы өндірістік үрдістерді бақылау және мониторинг жасау. Биылдың өзінде тау-кен металлургия кешеніндегі жаңа өндірістерді ашып, жаңғырту жобаларына 1 трлн теңгеден астам қаржы бағытталған. Бұл орайда ресурс және энергия үнемдеу саясатын енгізу және еліміздің көміртегі бейтараптығын қамтамасыз етуге баса мән беріліп келеді.

Әділбек Сәрсембаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

- Келешек ұрпақ үшін қатты пайдалы қазбаларды сақтау мақсатында бүгінде энергетикалық шығындарды барынша төмендете отырып, пайдалы шикізаттарды толықтай өндіруге бағытталған жаңа технологияларды қолдану қажет. Қоршаған ортаны қорғау және сақтау өнеркәсіптік экономиканың болашақта тұрақты дамуы үшін маңызды алғышарт саналады. Бұл үшін қазірден бастап экономикалық өсім мен жасыл экономика саясатын жүзеге асыру арасындағы теңгерімге қол жеткізу керек.

Айта кету керек, тау-кен металлургия кешені Қазақстан экономикасының қозғаушы күші. Оның үлесіне елдің жалпы ішкі өнімінің 8,2%, ұлттық экспорттың 24% тиесілі.