«Таза Қазақстан» акциясына 9 миллион адам қатысты
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бір жарым
жылда 874 іс-шара ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде 1 миллион 414 мың тонна
қалдық жиналып, 2 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Акцияға 9 миллионға жуық
адам қатысыпты. Оның ішінде 450 мың ерікті бар. Бұл туралы экология және табиғи
ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев мәлімдеді. Министрліктің мәліметінше, «Таза
Қазақстан» акциясы тек қалдық жинаумен шектелмейді. Жоба аясында «Таза кәсіп – таза
аймақ», «Киелі мекен», «Жер сағаты» және «Құстар күні» сияқты халықаралық
шаралар да өткізілген. Бұл науқандар елді мекендерді абаттандыруға ғана емес,
экологиялық ағарту жұмыстарына да ықпал етіп отыр. Оның үстіне мектеп
оқушыларына табиғатты қорғауға бағытталған тәжірибелік білім беру қолға
алынған. Нәтижесінде 236 мектептің 12 мыңнан астам оқушысы 36 мың тұқым
отырғызды. Жоба балаларды топырақпен жұмыс істеуге, ағашты баптауға баулиды.

