ТМҰ Еуразияның жаңа экономикалық хабына айналуы мүмкін

ТМҰ Еуразияның жаңа экономикалық хабына айналуы мүмкін

Түркі мемлекеттері ұйымы енді тек мәдени-саяси алаң ғана емес, елдер арасындағы экономикалық байланысты күшейтетін нақты интеграциялық тетікке айналып келеді. Мұндай пікірді Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әміреев халықаралық арнамыз Silk Way-ге берген сұхбатында айтты. Оның пайымынша, қордың негізгі мақсаты - түркі елдерінің экономикаларын өзара толықтырып, ортақ инвестициялық кеңістік қалыптастыру. Қазіргі кезеңде ұйым көлік, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобалар арқылы экономикалық ықпалдастықты күшейтіп отыр. Сол жобалардың ішінде Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту, Орта дәлізді дамыту және Каспий арқылы логистикалық байланыстарды кеңейту сияқты бастамалар бар. Сарапшының айтуынша, жаһандық логистикалық бағыттардың өзгеруі мен өңірлік қауіпсіздік жағдайы түркі елдерінің экономикалық жақындасуын одан әрі жеделдетіп отыр. Мұның бәрі Түркі мемлекеттері ұйымын алдағы уақытта Еуразиядағы маңызды экономикалық орталықтардың біріне айналуына мүмкіндік береді.

¤

Бағдат Әміреев, Түркі инвестициялық қорының президенті:

- Қордың мақсаты - жай ғана кәсіпкерлерді қолдау емес, түркі елдерінің экономикаларын бір-бірімен интеграциялау. Бұл үшін біз елдердің әлеуетін тиімді біріктіруіміз қажет. Мысалы, Орталық Азия елдерінің экономикалары әрдайым бірін-бірі толықтыра бермейді. Ал Түркияның қуатты экономикасы бар, ал Орталық Азия мен Әзербайжан энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда мықты әлеуетке ие. Біздің міндетіміз осы мүмкіндіктерді дұрыс үйлестіріп, өзара толықтыратын экономикалық модель қалыптастыру.