Үкіметте жылыту маусымына дайындық пысықталды
Кей өңірлер жылыту маусымына дайын емес. Бүгін бұл мәселе Үкімет отырысында талқыланды. Премьер-Министр жөндеу мерзімі кейінге жылжыған нысандарда бақылауды күшейтуді тапсырды. Қазандықтарды жедел әрі сапалы жөндеп, жылуды барлық аймақтарға уақытында беруді жүктеді.
Жұртты талай әбігерге салған Теміртаудың жыры қыста тағы қайталануы мүмкін. Қазандықтарды жөндеу уақыты кестеден кешігіп жатыр. Осыған қатысты тапсырмалардың көбі, соның ішінде тендер бойынша сол күйі басталмай тұрған жұмыстар жетіп артылады, – дейді Олжас Бектенов. Жылу желілерін жаңғырту да жоспардан қалыс. Шығыс Қазақстан, Қостанай және Абайдағы нысандарды қалыпқа келтіру бұзып-бөлшектеуден әрі аса алмай тұр.
Үкімет басшысы қатты отын тасымалын қатаң бақылауда ұстауды жүктеді. Жедел штаб құрып, дайындықты ширатуды тапсырды.

