Қазақстан құрамасы Канвон Олимпиадасына қатысады

Қазақстан құрамасы Канвон Олимпиадасына қатысады

Ұлттық құрама Канвондағы жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиадаға аттанды. Жарыстар 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтеді. Кореяда ел намысын қорғайтын сайыпқырандар спорттың 5 түрінен бәсекеге түспек. Отандық мықтылар төрткүл дүние тартысына 30 жолдама ұтып алған. Жалпы таңғы шық еліндегі жарысқа әлемнің 70 елінен 1800 тарта спортшы қатысады деп күтілуде. Олар 81 медаль жиынтығын сарапқа салады. Айта кету керек, Қазақстан бұл байрақты додаға 2012 жылдан бері қатысып келеді. Жыл санап халықаралық бәйгеге баратын спортшылар саны да артуда.


Айгүл Бектенова, ҚР Туризм және спорт министрлігінің  комитеті төрағасының орынбасары:

-  2020 жылы Лозаннада өкінішке орай спортшыларымыз жүлдесіз қайтты. Енді биылғы жыл біз  шайболы хоккейден 13 жолдама алдық. Соның нәтижесінде спортшылар саны көбірек болып отыр. Басты мақсат  олар өздері олимпиада ойындарына қалай қатысу керек екен деп кішкене серпін алып қайту деген. 

Елсияр Қанағатов, Олимпиадалық ойындарға дайындық бойынша штаб жетекшісі:

- Біздің алған жолдамалар бұрынға қарағанда көбірек. Сондықтан мен ойлаймын жалпы қысқы спорт түрлерін дамытатын бізде әлеует пен жағдай бар.

Канвондағы қысқы жасөспірімдер олимпиадасы – Қазақстанның осы жылғы жарыс жолын ашады. Жалпы биыл ел дүлділдері 765 халықаралық додада намысты қолдан бермеуге тырысып бағады. Еліміздің аумағында 6 әлем және 7 Азия чемпионаттары өтеді. Қыркүйекте елордада ұйымдастырылатын 5-ші халықаралық көшпенділер ойындарынан да үміт мол.