V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты
«Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты өтті. Апта бойы Астанаға жаһаннан ағылған жұрт түркі халқының түрлі спорттық жарыстары мен мәдени шараларын тамашалады.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да мәресіне жетті. Қыркүйектің 8-нен бері мерекені көрген жұрт мәре-сәре. «Ұлы дала дүбірі» деп ұрандатқан байрақты бәсекеге 89 елден 2 жарым мыңға жуық спортшы қатысты. Ал осыдан 10 жыл бұрын Қырғызстанда алғаш ұйымдастырылған сайысқа небәрі 19 елден 600 спортшы келген еді. Осыған қарап-ақ, жаһан жұртының көшпенділер өркениетіне қызығушылығы артқанын аңғару қиын емес. Мұны әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристердің легінен де көруге болады. Блогерлер мен журналистер қарасы көп. Барлығына түркі халқының бабалар салған сара жолын көздің қарашығындай сақтап бүгінге жеткізуі – үлкен сыр. Цифрлы әрі технологиялы қоғамға бейімделгенімен, жұтылмағаны жұмбақ.
Түркі жұртының түрлі ойындарын көру бірте-бірте әлем халқының әдетіне айналып барады. Өйткені, XXI ғасырдағы өркениетті адам – нәсіліне, діні мен тіліне қарамай, мәдени тұрғыда ұғынысу дегенді білдіреді. Осы ретте Көшпенділер ойындары тек қана спорт емес, ұлт өкілдерінің бас қосуы мен мәдениеттердің тоғысуына айналды. Сондықтан мұны дәстүр мен спорттың мерекесі деп есептеуге де болады.
Айтпақшы, бұған дейінгі Көшпенділер ойындары сайын далада, тау мен бауда немесе қырда өтетін. Биылғы ерекшелік – қаладағы заманауи спорт нысандарында ұйымдастырылды. Яғни, өткенді ұмытпай, жаңадан жатырқамай жасампаздық жолына бет бұру деген мазмұны бар. Осылайша, Көшпенділер ойындарына урбандалған ортада жаңа серпін беру көзделген. Жаһандық маңызы артқан шараны жазғы олимпиададан да бір мысқал кем емес деген мысалдар естіп жатамыз. Осылайша V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түбі бір түркі халықтарының бірлігі мен берекесінің бекем екенін бүкіл әлемге тағы бір рет паш етті.

