Жаңа әуежай салу үшін екі жер таңдалып отыр
Астанадағы жаңа әуежайды салу үшін екі жер қарастырылып жатыр. Үкіметтегі брифингте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев осылай деп, бір локацияның орны нақтыланғанын айтты. Яғни, жаңа әуежайдың бір орны ретінде Балқарағай демалыс орнының маңы таңдалуы мүмкін. Дегенмен бұған дейін локация ретінде Қосшы, Павлодар бағыттары мен Қарағанды тас жолы да ұсынылыпты. Айта кетейік, қазіргі таңда елордадағы халықаралық әуежай тәулігіне 120-дан аса рейсті қабылдауға қауқарлы. Жылына 11–12 млн жолаушыға қызмет көрсетеді. Әуежайда халықаралық және ішкі бағыттарды қамтитын екі терминал жұмыс істейді. Негізгі рейстердің қатарында Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен екі мегаполис және Ыстамбұл, Дубай, Мәскеу бар.

