Жаңа Конституция жобасы талқыланды

Жаңа Конституция жобасы талқыланды

Бүгін елордада «Қазақтелеком» ұлттық компаниясының қызметкерлеріне арналған телемарафон өтті. Онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылған кездесуде жаңа Конституция жобасы талқыланды. Әсіресе дербес деректердің қауіпсіздігі заңда қалай қорғалатыны талданды. Жиынның офлайн форматына 300- ден аса маман қатысыпты.

«Қазақтелеком» ұлттық компаниясының қызметкерлері саяси науқаннан тыс қалған емес. Оларға арнайы телемарафон ұйымдастырылып, жүздеген аудитория жинады.

Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

- Түсіндірме жұмысы біріншіден. Екіншіден жаңа Конституцияны насихаттау ғой. Әрбір жаңашылдықты біз түсіндіруіміз керек. Қандай жаңа нәрсе береді? Жалпы не күтуге болады? Сол сұрақтарға жауап беру үшін біз осы ұжыммен жұмыс істеп, осы ұжымға жақсы әсер алғызып, телемост арқылы жүргізейін деп жатырмыз.

Сондай-ақ бұл жиында азаматтардың дербес деректерін заңсыз пайдаланудан қорғау құқықтары Конституциялық деңгейде қорғалатындығы жайлы айтылды. Негізгі міндет – қоғамда ашық диалог қалыптастыру және реформалардың мән-маңызын кеңінен жеткізу. Осы мақсатта жалпыұлттық коалиция мүшелері де елді-мекендерді аралап, шалғай өңірлердегі еңбек ұжымымен кездесулер өткізіп жүр.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осындай үлкен тарихи құжаттың шығарылып отырғанын, оның негізгі дүниелерін ішінде жазылған құндылықтары туралы ақпараттанады деп өз басым сенемін. Жас азаматтарға руханият, қорғаныс, егемендік жағы өте жақсы өтімді болып жатыр.

Бүгінгі «Қазақтелеком» компаниясында өткен телемарафонға алыс аймақтардағы қызметкерлер де онлайн режимде қосыла алды. Олар спикерлерге түрлі сұрақтар қойып, нақты жауап алды.