Жер күні: табиғатты қорғау бағытында жұмыс істейтін ондаған «жасыл» ұйым құрылды

Жыл сайын 22 сәуірде әлем жаһандық деңгейдегі мейрам – халықаралық Жер-Ана күнін атап өтеді. Дүниежүзілік шара адамзатты қоршаған ортаны қорғауға үндеп, аялап, қастерлеуге шақырады. Қазақстандағы экологиялық мәселелерге тоқталсақ, олардың қатарында үлкен шаһарлар және өндірістік қалалардың, су көздері мен жалпы ауаның ластануы, Арал теңізі мен Балқаш көлінің тартылуы, мұздықтардың жаппай еруі сынды күрделі мәселелер бар.

Елімізде табиғатты қорғау бағытында жұмыс істейтін ондаған «жасыл» ұйым құрылды. Баламалы және жаңартылған энергия көздерін тарататын жаңа нысандар қатары жыл сайын артып келеді. Мамандардың пайымынша, алдағы 4 жылда еліміздің энергетика нарқындағы таза қуат көздерінің үлесі 6% ал 2050 жылға қарай 50% жетуі тиіс. Қалай дегенде алғашқы нәтижеге қол жетіп, былтыр ол көрсеткіш 3% құрады. Республикадағы ірі өндірістік ошақтардың қоршаған ортаға зиянды заттарды бөлу көрсеткішін азайтуға бағытталған бірқатар тың жобаны бастағаны қуантады.

Арман Қашқынбеков, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының директорлар кеңесінің мүшесі:

- Олардың қатарында «Арселор Миттал Теміртау» бар. Олар зиянды заттар шығарындыларын 4 жылдың ішінде 25% азайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ «Қазақмыс», т.б. осы жолды таңдады. Олардың бәрі баламалы қуат көздерін инвестициялауды қолға алған. «ҚазМұнайГаз» бен «Шелл» да бұл тұрғыда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2060 жылға қарай көміртектен бейтарап ел атануы үшін қолдан келгенін жасаймыз деп айтқан болатын. Бұл әлемдік өркениетке көміртектің ізін қалдырмайтын елдердің қатарына енеміз деген сөз.

Экологиялық мәдениет. Бұл – адамның қоршаған ортаға көзқарасын білдіретін термин. «Табиғатты аялау қасиетін баулуды әрбір жанның бойына бүгіннен қалмай сіңіру қажет дейді», – мамандар.

Арман Қашқынбеков, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының директорлар кеңесінің мүшесі:

- Сары көлді ластау, итбалықтарды таяқпен ұру сынды келеңсіз жайттар тіркелуде. Бұл тәрбие көрсеткіші, қоғамда экологиялық мәдениет пен экологиялық менталитеттің қалыптаспағанын білдіреді. Жоба аясында осы жағына да үлкен мән беретін боламыз.

Бұл тек біздің елдің ғана мәселесі емес екені анық. Сондықтан халықаралық әріптестік аясын орнатпаса, нәтиженің тиімділігі төмен болатыны түсінікті. Біз де кең ғаламның бір бөлігіміз. Бұл мейрам адамзатқа Жер шары мен экожүйенің баршаға ортақ екенін тағы бір танытады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов