14 наурыз - Референдум алдындағы тыныштық күні

14 наурыз - Референдум алдындағы тыныштық күні

Референдум алдындағы тыныштық күнін бұзғандар жауапқа тартылады. Орталық референдум комиссиясы осындай ескерту жасап отыр. Ертең, яғни 14-наурыз Жалпыұлттық референдум алдындағы тыныштық сақтау күні болады. Бұл уақытта саяси науқанға қатысты ешқандай үгіт-насихат жұмысы жүргізілмеуі тиіс. Үнсіздік тіпті әлеуметтік желіде де сақталуы қажет. Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндіктің мәліметінше, осы уақытқа дейін ілінген плакаттар орнында қала береді. Тыныштық ережесін бұзғандар жеке тұлға болса 43 250 теңге, ал заңды тұлғалар үшін 108 125 теңге айыппұл салынады. Сонымен, 15-наурызда Қазақстан бойынша 10 473 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Дауыс беру 7:00-ден 20:00-ге дейін жүреді. Референдумға қатысуға 12 млн-нан астам азамат құқылы. Бюллетеньде «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ болады. Оған «иә» немесе «жоқ» деген жауап нұсқалары беріледі.