Алматыда БҰҰ өңірлік орталығы ашылды

Алматыда БҰҰ өңірлік орталығы ашылды

Алматыда Орталық Азиядағы орнықты даму мақсаттарына арналған БҰҰ өңірлік орталығы жұмысын бастады. Салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш арнайы келді.

Әдетте БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш халықаралық маңызды шараларға ғана қатысады. Мұхиттың ар жағынан Алматыға ат терлетіп келуінің жөні бөлек. Жаһандағы ұлттарды ұйыстырушы ұйым Орталық Азияның тұрақтылығы мен тыныштығын сақтайтын орда ретінде Қазақстанды таңдап отыр.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Қазақстан – бейбітшілік пен диалог символы, халықтар арасындағы алтын көпір әрі көптеген жағдайда әділ мәмілегер екенін көрсетіп келеді. Бұған осыдан ондаған жыл бұрын ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешім негіз қалады. Бұл шын мәнінде бүкіл әлем үшін өнегелі іс болды. Өркениеттердің қақтығысы туралы сөз қозғалғанда, Қазақстан өз тәжірибесі арқылы түрлі діндер және мәдениет өкілдері арасында диалог пен ынтымақтастық орнату мүмкін екенін дәлелдеді.

Қазақстан тек ел ішіндегі ынтымақты дәлелдеп қана қойған жоқ, жалпы әлемде бейбітшілікті құптайтын мемлекет. Оған тағы бір дәлел ретінде Алматыда аймақ дамуына ықпал ететін алғашқы орталық ашып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз халықаралық өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласатын мәмілегер ретінде Орталық Азияның әлеуетін ашуға және жаһандық аренада конструктивті әрі келешекті көздеген күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетуге ұмтыламыз. Осы орайда Алматы қаласында БҰҰ өңірлік орталығын ашу уақтылы және стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам болып отыр.

Орталық Азияның жетістіктері мен қатар, проблемалары да баршылық. Мәселен, Арал теңізіндегі экологиялық дағдарыс пен Каспий теңізінің тартылуы – ортақ түйткіл. Ал, Ауғанстанның бейбітшілігі мен дамуы БҰҰ мен көршілес елдердің көмегін қажет етеді. Сондай-ақ, аймақтық хаб БҰҰ-ның «Күн тәртібі-2030» атты ғаламдық бағдарламасын ілгерілетеді. 

Сұлтан Әкімбеков, Саясаттанушы:

- Ауғанстанның бүгіні мен келешегі әлі де күрмеулі мәселе. Осы елдің проблемасына қатысты жеке құрылымның болуы - мәселелерді жұмыла шешуге сеп болады. Климат, су, теңсіздік, демография, азық-түлік қауіпсіздігі, гендерлік түйткілдер Орталық Азияда да өзекті. Міне, ашылған орталық осы бағытта үйлестіру, ұсыныс беру жұмыстарымен айналысады. Және оның Алматыда ашылуы Қазақстанның беделінің жоғары екенін көрсетеді.

Аталған Орталықтың құзыреті мен функциялары аймақтағы немесе одан тысқары жерлердегі басқа ұйымдардың қызметін қайталамайды. Керісінше, Орталық аймақ халқының нақты сұранысына назар аударудың арқасында қабылданып жатқан шараларды толықтырып, оның мән-мазмұнын арттыра түседі.