Алматыда жаңа Конституция жобасы қоғамдық талқыға түсті

Алматыда жаңа Конституция жобасы қоғамдық талқыға түсті

«Жаңа конституция жобасы «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын іске асырудың берік құқықтық негізі». Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматыда мәслихат депутаттарымен, этномәдени бірлестіктер өкілдерімен және белсенді жастармен кездесті. Басқосу барысында алдағы республикалық референдум қарсаңындағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары пысықталды. Мәулен Әшімбаев жаңа Ата заң жобасы Мемлекет басшысы бастамашы болған саяси жаңғырулардың заңды жалғасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, өзгерістердің түпкі мақсаты – әділеттілік қағидатын нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру.


 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен барлық салада кешенді жаңғыртулар жүзеге асырылуда. Конституциялық реформа – сол іргелі өзгерістердің заңды әрі дәйекті жалғасы. Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа Конституция жобасы республикалық референдумға шығарылды. Осылайша, 15 наурызда азаматтар өз таңдауын жасайды. Бұл – елдің саяси жүйесін демократияландыру жолындағы маңызды қадам. Жаңа Ата заңда мемлекеттілікті нығайтуға, Тәуелсіздікті күшейтуге және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән берілген.