Astana Hub: 100-ден астам IT-компанияны әйелдер басқарады
Ақпараттық технологиялар мен нәзік жандылар үйлесімі. Қазақстанда IT-компанияларды басқаратын нәзік жандылардың қатары басым. Еліміздің іскер әйелдері құрған стартап жобалардың кәдеге асырылуымен қатар, пайдасы да артығырақ. Тіпті кей жағдайларда түсімі екі есеге көбірек. Осындай табысты технологиялық бастамалардың бірін Алина Абдрахманова жүзеге асырған. Оның айтуынша, бизнестегі әйелдердің үлесі күн санап өсіп барады.
Алина Абдрахманова, стартаптың негізін қалаушы, бизнес мектебінің деканы:
- Әрбір әйел ең алдымен өз күшіне сенуі керек. Ол тәуелсіз болуы тиіс. Әсіресе қаржылық жағынан айтқанда біреуге қарап, бос отырмауы қажет. Ол үшін жас қыздарға әрдайым білімін жетілдіріп, жанына жақын істі іздеп, оны табу керек деген кеңес берер едім. Қыздар үшін мансап, лауазымды қызмет қатты маңызды болмауы керек. Өзін асырай алатын табыс көзінің үзілмеуіне баса мән берген жөн. Бір сөзбен айтқанда, аяққа нық тұрып алу қажет.
Мұндай тұрақты табыс көзі ол жаңа стартап болуы әбден мүмкін. Бұған өзгегеге үлгі болар Алинаның бастамасы дәлел. Ол өз командасымен 360 градуста семинарлар мен іс-шараларды, тіпті ауқымды концерттерді таратуға мүмкіндік беретін тұғырнама құрған.
Алина Абдрахманова, стартаптың негізін қалаушы, бизнес мектебінің деканы:
- Біздің тұғырнаманың басты артықшылығы – 360 градуста түсіретін камералар. Мәселен, жобамыздың арқасында Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері әлемнің кез келген жерінен сүйікті әншілерінің концертін тамашалай алады. Бұл технология оларға концерттің өзінде отырғандай әсер қалдырады. Өзге жанкүйерлермен қосылып, ән айтуа болады.
Бүгінгі таңда еліміздің бас технопаркінде 600-ден астам компания тіркелген. Олардың жүзден астамын әйелдер басқарады. Негізінен білім беру саласына қатысты жобалар.
Марья Жүнісова, Astana Hub-тың қолдау кеңсесінің аға менеджері:
- Білім беру тұғырнамалары, бағдарламалық жасақтамалар, қызықты қосымшалар, ментальді арифметика бойынша балаларға білім беру. Сондай-ақ бұл тізімде IT-академиясын атап өткім келеді, ол толық компьютерлік оқытуды ұсынады.
Astana Hub-тың мәліметінше, IT-бизнеске оқуға қыздардан өтінім көбірек түседі. Сонымен қатар Еуропалық комиссия былтыр Еуропалық Одақта ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы әйел мамандардың үлесі 17% жетті деп мәлімдеген болатын. Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 5% құрап отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов