Атқа міну – қазақтың қанына сіңген қасиет

Атқа міну – қазақтың қанына сіңген қасиет

Аттың жалы, түйенің қомында көшкен қазаққа ұлттық ойын дегеніміз – өмір салты. Бүгін Астанада Ұлттық спорт күніне орай көкпар, қыз қуу, теңге ілуден  сайыс өтті. Көшпенділердің көнеден жеткен өнерін тамашалауға келген жұрт нағыз тартысты бәсекенің куәсі болды.

Ақдариға Мұхаддас, Тілші:

- Кезінде ата-бабаларымыз дәл осындай жүйрікке мініп, сайран салып жорыққа аттанды, ел қорғады, ұлттық ойындарды дәріптеді. Сондықтан қазақ үшін ат тек көлік қана емес, жақын дос, серік. Бүгін біз сол ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып жүрген шабандоздардың өнеріне куә болмақпыз.

Қазақтың ұлттық ойындары – ерік-жігерді шыңдайтын мектеп. Сондықтан оларды қайта жаңғырту аса маңызды, дейді ұйымдастырушылар.

Аманжол Хасенов, Ұйымдастырушы:

- Қаншама заманауи гаджеттер, автокөліктер болғанымен біздің бәріміздің қанымызға жылқыға деген махаббат сіңген. Тек оны оята білу керек. Ал, оны ояту үшін ұлттық спорттың танымалдығын арттырып, ел-жұртқа көптеп көрсетуіміз керек. Сонда ғана адамдар тартылады.

Көшпенділер рухын қайта тірілткен ұлттық ойындар қазақ спортының айшықты бөлігі. Алаңға шыққан шабандоздар нағыз тартысты сайыс көрсетсе, көрермендер бұл өнерден ерекше әсер алды. Ал, кезінде жауынгерлік дағдыны қалыптастырған бұл ойындар бүгінгі таңда нағыз кәсіби спортпен қатар тұрады. Демек, ер қанаты – аттың үстіндегі өнер ешқашан ұмыт қалмақ емес.