Мемлекет басшысы Вашингтонда Қазақстан азаматтарымен кездесті
Мемлекет басшысы Вашингтонға жұмыс сапарымен барды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, бірқатар елдің көшбасшыларымен, АҚШ-тың ресми тұлғаларымен кездесу өткізеді деп жоспарланған. Сондай-ақ, сапар аясында Президент Америкада тұратын және білім алып жүрген Қазақстан азаматтарымен жүздесті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа үлкен үміт артылатынын ерекше атап өтті. Мемлекет жастарға ұдайы қолдау көрсетіп, олардың жан-жақты дамуына, қабілет-қарымын ұштауға қолайлы жағдай жасайтынын жеткізді. Студенттер мен жас зерттеушілер ғылым және білім саласына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

