Автомектептер курсы онлайн болады деген ақпарат – фейк
Көлік жүргізушілерін даярлау курстары онлайн форматқа көшуі мүмкін. Қазір
әлеуметтік желіде осындай ұсыныс жасалды деген ақпараттар тарап жатыр. Осыған
қатысты Ішкі істер министрлігі ресми түсініктеме беріп, бұл ақпараттың жалған
екенін айтты. Өйткені жүргізуші куәлігі тек бекітілген талаптарға сай, оқу
бағдарламасын толық меңгерген азаматтарға ғана беріледі. Әрі емтихандардың
барлығы офлайн форматта өтуі қажет. Ереже бойынша, автомектептерде теориялық
сабақтармен қатар практикалық жүргізу сабақтары да міндетті түрде өтуі тиіс. Ал
онлайн форматтағы курстардың басым бөлігі бұл талаптарға сай келмейді. Сонымен
қатар, министрлік автомектепті аяқтағанын растайтын қағаз түріндегі куәлікті
алу қажет еместігін хабарлады. Оқу туралы барлық мәліметтер арнайы ақпараттық
жүйе арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтарына электронды түрде жолданады.
Әлібек Кеңіспаев, Ішкі істер министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
- Жүргізуші боламын дейтін азаматтар міндетті түрде автомектептің курсынан
өтуі тиіс. Болашақ жүргізушілердің өз дайындықтарына жауапкершілікпен қарауға
шақырамыз. Себебі алынған білім жол қауіпсіздік сапасына тікелей әсер етеді.

