«Заң мен тәртіп» идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс - Президент
«Заң мен тәртіп» идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиында құқықтық нигилизм дертіне шалдыққан адамдарды, басқаша айтқанда, сотқарлар мен бұзақыларды «қаһарман» жасауға заң аясында қатаң шара қолдану керек деген ұстанымын айтты. Әсіресе, қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлардан, тұрмыстық жағдайдан бастап, жолда көлік жүргізу қағидатына дейін тәртіп сақталуы қажет. «Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өкінішке қарай,
Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол
қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған
жол беруге болмайды. Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын
желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды
түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек бұл
жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген
ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған
дұрыс. Полицейлермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю
қажет.

