«Жолда қабылдау» профилактикалық акциясы өтті

«Жолда қабылдау» профилактикалық акциясы өтті

Маңғыстау облысында «Жолда қабылдау» профилактикалық акциясы өтті. Шараны «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде прокуратура ұйымдастырған. Акцияны өткізу орны ретінде «Жетібай-Жаңаөзен» бағытындағы республикалық маңызы бар тасжол мен Жаңаөзен қаласы таңдалған. Мақсаты – көпшілікке жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша түсіндірме беру.

Белгіленген жылдамдық режимін бұзбау, мас күйінде көлік жүргізбеу, қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағу. Аталған жол ережелері қауіпсіздіктің кепілі. Осы қағидаларды мамандар «Жолда қабылдау» акциясы аясында көлік жүргізушілеріне түсіндірді. Акцияның мақсаты да сол жол-көлік оқиғаларының алдын алып, олардың туындау себептері мен салдарын азайту.

Сержан Аманқұл - Қарақия ауданының прокуроры:

- Акцияға полиция, төтенше жағдайлар бөлімі, жедел-жәрдем, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатысуда. Жүргізушілер көкейінде жүрген сұрақтарға тиісті жауаптарын алып сұрақтарын қоюда.

Акция аясында 200-ден аса көлік жүргізушісі қамтылды. Тіпті көлік жүргізгенде қолайсыз ауа райы мен жол жағдайларын ескеру, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын сақтаудың маңыздылығы да айтылды. Медицина мамандары жүргізушілердің денсаулық жағдайын тексеріп, психоэмоционалдық жай-күйін бағалады.

Статистикаға сүйенсек, былтыр Қазақстанда 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. 51 мыңнан астам адам зардап шегіп, 2,5 мыңға жуық адам қаза тапқан. Құзырлы орган мәліметінше, жол апатының көбі Алматы қаласы, Маңғыстау және Алматы облыстарында тіркелген. Сондықтан мамандар көлік жүргізушілеріне жол жүру қағидаларын түсіндіретін акциялардың көп болғаны дұрыс деп отыр.