Ұрланған затты сатып алғандар да жазаланады
Ұрланған затты сатып алғандар жазаланады. Ішкі істер министрлігі дүкендерден ұсталған зат аларда сақ болуға шақырды. Өйткені оның қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Заңсыз әрекет анықталса, 86 мыңнан 690 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Тіпті 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Дегенмен елде ұялы телефон мен қалта ұрлығы 40 пайыз азайды. Тәртіп сақшылары жыл басынан 900-ден астам қылмысты ашқан. Нәтижесінде 700-ден астам күдікті қолға түскен. 12 қылмыстық топтың жолы кесілген. Сондықтан қазір полицейлер ұрланған техниканы өткізетін орындарды жіті бақылауға алып отыр. Сондай-ақ, азаматтарды қоғамдық орындарда жеке заттарына мұқият болуға шақырады.

