Электрлі самокаттарға тротуарда жол жоқ
Электрлі самокаттар енді тротуармен жүрмейді. Тиісті заңға Президент қол қойды. Жаңа тәртіп 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұрын самокаттарға тротуарларда шамамен 6 шақырым жылдамдықпен қозғалуға рұқсат етілетін. Енді олар “Сергек” камераларының жіті бақылауында болады. Сондай-ақ, жаңа тәртіп бойынша жалға берілетін әр самокат тіркеуден өтуі тиіс. Мемлекеттік нөмірі мен сақтандыру құжаты да міндеттелмек. Бұдан бөлек, енді бұл көлік құралы кез келген адамға беталды берілмейді. Тек жүргізуші куәлігі бар, кәмелетке толған азаматтар ғана жалға ала алады. Бұның бәрін жауапты компаниялар қадағалауы тиіс. Айта кетейік, былтыр электрлі самокаттардың қатысуымен 139 жол көлік оқиғасы тіркелген. Нәтижесінде 149 адам жарақат алған.

