«Халық заңгері» акциясы: азаматтар құқықтық көмек алды
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде Астанада 20-дан астам мемлекеттік орган мен ұйым өкілдері қала тұрғындарына тегін құқықтық кеңес берді. Бұл игі шара «Халық заңгері» акциясы аясында ұйымдастырылды. Нәтижесінде 50-ден астам азамат өздерін мазалаған сұрақтарына нақты жауап алып, құқықтық мәселелерінің шешу жолдарын білді.
Әсемгүл Бисембаева Астанаға қоныс аударғалы бір жылға жуықтапты. Қазір елордадан баспана алуды жоспарлап жүр. «Халық заңгері» акциясы аясында ол білікті мамандарға жүгініп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы үйлі болу мүмкіндіктерін сұрап білді.
Әсемгүл Бисембаева, Астана қаласының тұрғыны:
- Бұл жерге негізі жұмыс бабымен келгем. Мына кісілерді көргеннен кейін сұрақтарым туындады да, сұрақ қойдым. Мұндай акциялар жиі-жиі, ай сайын, бірнеше рет болғаны дұрыс деп ойлаймын. Бір жерге барсаң очередь. Уақытың кетеді. Күтеміз. Мына жерде өз сұрағымызға жауабымызды алу жеңілдеу болатындай.
Акцияға 50 шақты азамат қатысты. Көбі сотқа дейінгі тергеп тексеру, неке және отбасы, салық, алимент, білім беру, тұрғын үй заңнамасының сақталуы бойынша жауаптыларға сауалдарын жолдады. Ал құзырлылар тиісті арыз жазу, сотқа жүгіну талаптары бойынша көмек берді. Айта кетейік, бұл науқан өткен жылы басталған.
Содан бері құзырлы органдар ай сайын азаматтарға тұрақты түрде құқықтық көмек көрсетіп келеді. Мәселен, жыл басынан бері мыңға жуық адам «Халық заңгері» акциясы аясында мамандардың кеңесіне жүгінген. Жауаптылардың сөзінше, мұндай формат азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қазыбек би Берғалиұлы, Байқоңыр ауданы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры:
- Бұл акцияның ерекшелігі халық бізге емес, біз оларға келеміз. Яғни адам көп шоғырланатын орындарға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына. Мұнда күнделікті 500-ден астам адам келуі мүмкін. Мемлекеттік органдарға көп адамның баруға уақыты болмайды. Ыңғайы келмей қалады. Біз өзіміз келіп, осы өзекті сұрақтарына тиісті жауап береміз. Бұл бір реттік акция емес. Біз ұдайы түрде өткіземіз бұл акцияны.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара Мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара сенімді күшейтуге сеп болады. Азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға да көмегі тиеді. Игі іс алдағы уақытта да жалғасын табады.

