Баға саясаты: кәсіпкерлермен келісім орнады
Шымкентте азық-түлік бағасының шарықтауына жол берілмейді. Қала әкімдігі 100-ден астам кәсіпкермен келісімге келіп, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты ұстауға уағдаласты. Енді тұрғындар жиі тұтынатын өнімдердің құны бақылауда болады.
Әкімдікпен келісімге келгендердің бірі — кәсіпкер Азамат Көшімов. Ол жыл сайын мың тоннаға жуық қияр мен қызанақ өндіріп, ішкі нарықты қамтып келеді. Енді кәсіпкер бағаны негізсіз өсірмей, халыққа тиімді бағамен өнім ұсынуы тиіс.
Азамат Көшімов, Кәсіпкер:
- Бағаны әлеуметтік жағдайға қарап ұсынып жатыр бізге. Ол баға, әрине, екі жақты тиімділік ескеріліп, келісім арқылы бекітіледі. Меморандум көбіне 1 жылға жасалады.
Келісім аясында тараптар тауар құнын бірлесіп бақылауға және инфляцияны тежеуге уағдаласты. Әкімдік өкілдері бұл шараның тұрғындарды қолдауға бағытталғанын атап өтті.
Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары:
- Алдағы уақытта осындай бірлескен жұмыс нәтижесінде инфляция деңгейін, оның үстіне тауарлық инфляция, тауарлық емес инфляция көлемін едәуір төмендетеміз деген ойдамыз.
Меморандумға қол қойғандар қатарында ірі сауда желілері, базарлар, дүкендер мен жеке кәсіпкерлер бар. Енді олардың әрқайсысы тауар бағасын тұрақты ұстап тұруға міндеттеледі.
Талғат Мекембаев, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы:
- Баға негізсіз өзгермейді. Оны қадағалаймыз. Күнделікті мониторингтік топтар жұмыс істейді. Әр аудан әкімдігінде арнайы топ бар. Олар бағалардың күн сайынғы өзгерісін бақылап отырады.
Бұрын әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінде 19-ақ өнім болатын. Қазір баға жиі өзгергендіктен, бұл тізім кеңейтіліп, 56 түрлі тауар енгізілді.

