Барлық мал дәрігерлік қызметке көлік берілді

Барлық мал дәрігерлік қызметке көлік берілді

Бүгін – Ветеринариялық қызметкерлер күні. Кәсіби мереке былтырдан бастап аталып келеді. Қазір елімізде 15 мыңға жуық мал дәрігері бар. Олар ауыл шаруашылығы саласының дамуы жолында талмай еңбек етуде. Сәйкесінше мемлекеттік қолдау да артып келеді. Бүгін өңір-өңірдегі ветеринариялық бөлімшелерге 93 қызметтік көліктің кілті табысталды.

Алтынбек Әмит, Тілші:

- Бұрын мал дәрігерінің көлігі десе көз алдымызға «Уаз» не «Нива» маркасы елестейтін. Енді міне, жаңа заман ветеринарлары заманауи көлікпен ауыл аралап, төрт-түліктің қамын күйттейді. Жаңа тұлпарлар жол талғамайды, қыр мен сайды кесіп өтуге қауқарлы.

Қазыбек Ташимов, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы:

- Былтыр шалғай ауылдарда 100-ден аса бөлімше салынды. Биыл тағы 300-інің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін жалпы 800 станция қолданысқа беріледі.

Ветеринар - ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына, малдың саулығына, тіпті тұтас елдің әл-ауқатына жауапты. Министрдің айтуынша, сала мамандарының жалақысы екі жылда екі есе көтерілген. Ал жұмыс тиімділігін арттыру үшін жаңа техникалар мен цифрлық құралдар енгізіліп жатыр.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Ветеринария саласында жұмыс істеу – жоғары біліктілікті, жауапкершілікті және іске деген адалдықты талап етеді. Бекер айтылмаған: дәрігер адамды емдесе, ветеринар – адамзатты емдейді.

Қуантарлық жағдай - төрт-түлікке жақын жастар қатары жиіледі. Солардың бірі Арайлым. Зертхана маманы бұрын техникалық жабдықтар ескі болғанын жасырмады. Бірақ соңғы жылдар олқылықтың орны толған. Бүгінде шағын зертханаға су жаңа құрылғылар келіпті.

Арайлым Бейсенова, Химик-аналитик:

- Біз ет пен сүттің құрамын талдап отырамыз. Яғни, қандай-да бір қателік мыңдаған адамға зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан жадбықтардың үнемі жаңарып отырған дұрыс. Заң бойынша да солай.

Заманауи ветеринария сан саланы қамтиды. Бұл – жұқпалы аурулардың таралуын бақылаудан бастап, экожүйелерді қорғауды қамтамасыз ететін тұтас жүйе. Ветеринария мамандары жануарларға да, адамдарға да қауіп төндіретін эпидемияның алдын алуда шешуші рөл атқарады.