Байқоңырдан алғаш рет «Сұңқар» зымыраны ұшырылды
Тарихи старт.
Байқоңырдан алғаш рет «Сұңқар» зымыраны ұшырылды. Бұл Қазақстанның ғарыш
саласын бағындыру жолындағы маңызды қадамы. «Союз-5» зымыраны Байқоңыр ғарыш
айлағындағы №45 ұшыру алаңынан шығарылған. Зымыран әлемдегі ең қуатты
қозғалтқышпен жабдықталған. Ол жер шары маңындағы орбиталарға 17 тонна, ал
геостационарлық орбитаға 2,5 тоннаға дейін жүк жеткізе алады. Бұған дейінгі
тасымалдағыштармен салыстырғанда оның қуаты екі есе жоғары. «Союз-5» –
Қазақстан мен Ресей мамандарының бірлескен жобасы. Яғни, зымыран Ресейде
жасалғанымен, Қазақстан ұшыру кешенін толықтай жаңартып шыққан. Бастапқы жоспар
бойынша бұл зымыран-тасығышты ұшыру 2025 жылдың соңына жоспарланған еді. Кейін
ұшырылым мерзімі 2026 жылдың наурызына, одан соң сәуірге шегерілді. Енді, міне,
жоспар орындалып отыр.
Баубек Оралмағамбетов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы:
- Біз бұл сәтке ұзақ
дайындалдық. Бұл – мемлекетаралық жоба, зымыран екі ел Президенттерінің
тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен жасалды. Және сәтті ұшырылды. Бұл – алдағы
уақытта тың жобаларды жүзеге асыруға арналған алғашқы қадам деп есептейміз.

