Беларусь ШЫҰ-ға мүше елдер қатарына қосылды

Беларусь ШЫҰ-ға мүше елдер қатарына қосылды

Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын абыройлы әрі нәтижелі атқарды. Бүгін ұйымға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысында осындай баға берілді. Бір жыл ішінде 150-ге жуық іс-шара жүзеге асырылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаралардың нәтижесінде ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, Қазақстан төрағалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға да ерекше назар аударылған. 

ШЫҰ Саммитіне келген мемлекет басшыларын Қасым-Жомарт Тоқаев жеке-жеке қарсы алды. Одан кейін ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшылары атқарылған жұмыстармен алда тұрған міндеттерді пысықтады. Отырыс басталарда делегация басшылары Беларусьті Ұйымға қабылдау және оған ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы шешімге қол қойды.

Максим Рыженков, Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі:

– Біздің мүшелікке өтуіміз өте жақын достарымыздың, қазақстандық тараптың төрағалығы кезінде болғаны өте қуантады. Әрине, біз Беларусь тарапынан ұйымды дамытуға атсалысамыз. Бізді қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейту, көлік дәліздерін, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесі толғандырады, саяси-дипломатиялық байланыс та біз үшін маңызды.