«Бұл тарихи жеңіс» - Президент Паралимпиада чемпионын қабылдады

«Бұл тарихи жеңіс» - Президент Паралимпиада чемпионын қабылдады

Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов бүгін Ақордаға келді. Миланда өткен XIV Қысқы Паралимпиадан «Алтынымен» қоса, «Қола» медаль әкелген спортшыға Президент алғыс айтып, 3-ші дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. «Бұл – қазақ елі үшін тарихи жеңіс» деді Президент. Шынымен де бұған дейін әлемдік деңгейдегі мұндай жарыстан бірде-бір спортшы Қазақстанға қос медаль әкелмеген. Ербол Хамитовтің бапкері де сый-құрметсіз қалған жоқ. Зұлқарнай Ермұрат қабылдау жайында айтсын.

Иә. Ербол Хамитовтың жеңісі қазақ паспорты үшін тарихи жетістік. Әрі, қазақстың қайсар, өр рухты, намысты ұлт екенінің дәлелі. Мемлекет басшысы бұл жеңіс – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі екені анық деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк Туын саған табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет нәтижеге жеттің! Соның арқасында еліміз командалық есепте 18-ші орынға табан тіреді. Үздіктердің ішінен алға шығып, чемпион болу оңай емес. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі екені анық.

Жетістікке жетер жолда таудай сынақ жатады. Соған төзе білгендер ғана биік белесті бағындырады. Бұл тұста әлбетте, бапкерлердің еңбегі орасан зор. Президент атлеттерді дайындаған жаттықтырушылар мен дәрігерлерге ерекше алғысын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздер Ербол Хамитовқа білгендеріңізді үйретіп, тәжірибелеріңізбен бөлістіңіздер. Оның чемпионға тән табандылық танытып, биік мақсатқа ұмтылатын күрескер мінезін шыңдадыңыздар. Олимпиада жылнамасына есімін жазған белгілі, көрнекті спортшы болуына күш салдыңыздар. Сіздерге алғыс айтамын. Орайлы сәтті пайдаланып, бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығымды жеткізгім келеді.

Ербол Хамитов - Қазақстанның пара спортындағы әлемдік деңгейдегі әмбебап атлет. Әрі, ол пара биатлоннан Хрусталь глобусты иеленген Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы. Бұл жолғы байрақты бәсекеде ел қоржынына пара биатлоннан алтын медаль және пара шаңғы жарысынан қола медаль әкелді. Чемпион әлемдік додаға аттанар алдында мемлекеттік Туды тапсырып, сенім артқаны үшін Президентке ықыласын білдірді. Бұл жеткен жетістіктің тек алғашқы жетістігі ғана дейді ол. Алда талай төгілер тер мен асар асу бар екенін де жеткізді.

Ербол Хамитов, ХІV Қысқы паралимпиада ойындарының чемпионы:

- Осы Паралимпиада ойындары мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Сіздің қолдауыңызбен жеңіске жеттік. Бұған мамандардың және бапкерлердің сіңірген еңбегі зор. Сіздің қолдауыңыз әр спортшыға күш-қуат береді. Біз мұнымен тоқтамаймыз.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі Конституциялық реформа туралы да сөз қозғады. Баршаға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатқанымызды айтты. Бұдан бөлек, енді параспортшылар да жоғарғы мемлекеттік наградалармен марапатталатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Параспортшыларымыздың өжет мінезі мен мұқалмас жігері – көпке үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге. Ұлттық паралимпиада құрамасының әр мүшесі Қазақстанның шексіз мүмкіндіктер елі екенін әлемге әйгіледі. Осыған орай, мен сіздерді жоғары мемлекеттік наградамен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға құтты болсын! Амандық, табыс тілеймін!

Кездесу соңында Мемлекет басшысы ХIV Қысқы Паралимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін Ербол Хамитовты III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Сондай-ақ, Василий Коломиец пен Антон Ждановичке «Парасат» ордені, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Үміт» мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаевқа «Құрмет» ордені табысталды. Айта кетейік, дүбірлі додада әлемнің 50 мемлекетінен келген 600-ден астам спортшы 79 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан жалпы есепте 18-ші орынға тұрақтады.