Елордада «Тартылыс» атты мүсіндер көрмесі ашылды
Қолданылған қағаз, пластик, жез сынды қарапайым заттардың қосындысынан туған күрделі мүсіндік композициялар. Қазақстандық жас мүсінші Абылай Мұрашбеков көпшілік қоқысқа тастайтын тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратудың енді бір жолын тапты.
Елордада шебердің алғашқы жеке көрмесі ашылды. Дарын иесі өнер үшін шектеудің жоқ екенін айтады. Карантин салдарынан шеберханаға жете алмаған Абылай үйде қол қусырып отыра алмаған екен. Шығармашылық ойын жүзеге асыру үшін қолда бар заттарды үндестіре желімдеп, көркем қазынаға айналдыра білді. Автордың көрмені «Тартылыс» деп атауы да бекер емес. Ондағы әрбір еңбек адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасты сағынып, қоғамның өзара байланысып, тілдесуге құштарлығын бейнелейді. Жақында бұл бастамасы халықаралық деңгейде танылып, Лонданда өткен еркін мүсіншілердің онлайн көрмесінде жүлдеге іліккен.
Абылай Мұрашбеков, мүсінші:
- Алдағы жоспарларыма тоқталатын болсам, шеберханалар ашылысымен осы ойымды түрлендіріп, болашақта темір материалдардан күрделі монументалды мүсіндер жасағым келеді. Қазіргі уақытта дәл осы бағытта жұмыс жасайтын мәскеулік заманауи өнер мектептерінің тәжірибелерін зерттеп, жіті танысып жатырмын. Сол үлгілердің негізінде заманауи өнерге нақты қадам басуды жоспарлап отырмын. Меніңше, бұл бағыттың әлеуеті зор.