Қазақтың мақал-мәтелдері венгр тіліне аударылды

Қазақтың мақал-мәтелдері венгр тіліне аударылды

Түркі әлемінің руғани қазынасы жаңа басылымдармен толыға түсті. Оның бірі «Қазақтың 550 мақал-мәтелі» жинағы және «Ғұндардың суреттелген хроникасы» атты энциклопедиясы. Қос еңбек венгр тілінде жарық көрген. Қазақтың құнды сөздерін мажар тілінде сөйлеткен Венгр елінің еңбек сіңірген қайраткері Ференц Буда. Елордада таныстырылған кітап көрнекі түркітанушы Иштван Қоңыр Мандокидің Орталық Азияға жасаған ғылыми зерттеу сапары кезінде түсірілген фотосуреттермен толықтырылған. Айта кетейік мажарлық ақын қазақ халқының мәдениетін зерттеуге 30 жылдан астам уақытын сарп еткен. Өмірлік ісін 1987 жылы қазақ ертегілерін өз тіліне тәржімалаудан бастаған. Жинақты Қазақстанға Венгрия Ұлттық Жиналысының вице-спикері арнайы жеткізді.

Шандор Лежак, Венгрия ұлттық жиналысы төрағасының бірінші орынбасары:

Қазақстан топырағын басу арманым орындалды. Қазақ халқының азаттыққа ұмтылысы, салт-дәстүрді берік ұстануы мен өткенге құрметіне тәнтімін. Қазақ мақал мәтелдері адамда жақсы ой қалыптастырады. Біздің мақалдармен де мағыналас жерлері бар. Мәселен «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деген мақал бізде де кездеседі. Екі елдің мәдениетінің ұқсастығын осыдан білуге болады.

Әділ Ахметов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

Мақал-мәтелдер дегеніміз ол тілдің мәйегі ғой. Бір жағынан біздің туысқан ел екенімізді білдіріп, дәлелдеп жатса, екінші жағынан қазақ мақал-мәтелдерінің сондай зор екенін бағалай отырып, оны мажар тілінде шығаруы құптарлық жағдай.