Ертіс жағалауы ертегілер еліне айналды
Бүгін Павлодарда балақайлар қуанышқа толы мерекені атап өтіп жатыр. Ertis Promenade алаңында Балаларды қорғау күніне арналған ауқымды Ertis Bala Magic Show шарасы өтті. Он мыңнан астам бала қатысқан түрлі-түсті шеру қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін, ұлттық эпос батырларын және әлемге танымал мультфильм қаһармандарын бір алаңға тоғыстырды.
Мерекенің ең басты ерекшелігі – ұлттық мұра мен заманауи анимацияның үйлесім табуы. Ертіс жағалауында Алдар Көсе, Тазша бала, Бауырсақ, Ұлы даланың батырлары, Алтын адам және әйгілі мультфильмдер мен ертегілердің кейіпкерлері жүріп өтті.
Мереке жазғы
сауықтыру науқанының басталуына да тұспа-тұс келді. Өңірде 356 мектеп
жанындағы, 576 бейіндік, 21 шатырлы, 20 киіз үй форматындағы және 11 қала
сыртындағы лагерь жұмыс істейді. Жалпы, жазғы демалыстың түр-түрімен 116 мыңға
жуық баланы қамту жоспарланған.

