Интернеттегі қауіп: жастар нені білуі керек?

Интернеттегі қауіп: жастар нені білуі керек?

Бүгін елордалық оқушылар Киберқауіпсіздік, жасанды интеллект: заманауи қатерлер және қорғану тәсілдерін меңгерді. Форумға прокурорлар, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының мамандары, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері мен киберполиция қызметкерлері қатысты. Айта кетейік, бұл шара Заң мен Тәртіп қағидаты аясында өткізіліп жатыр.  Желідегі қауіп-қатерден қалай сақтануға болады? Тілші материалында. 

Бүгінде адамдар цифрлық кеңістікте жұмыс істейді. Білім алады, қарым-қатынас құрады, тіпті үйден шықпай сауда жасайды. Дегенмен желіде  алаяқтың құрбанына айналғандар аз емес. Тіпті жеке дерегіңіз бен фотосуреттеріңіз әп-сәтте  қолды болуы мүмкін.

Аружан Жақыпова, оқушы:

- Иә, мен қауіпсіздік шараларының барлығынан хабардармын. Әлеуметтік желілерде жеке деректерді, тұрғылықты мекенжайды және тағы басқа мәліметтерді жариялауға болмайтынын білемін. Бұл үлкен қауіпке әкелуі мүмкін. Мысалы, көптеген алаяқтар геолокацияны анықтап, зиян келтіруі ықтимал.

Жастар – интернетті ең белсенді қолданатын топтың бірі. Мамандардың айтуынша, киберқауіпсіздік мәдениеті ең алдымен жасөспірімдер арасында қалыптасуы тиіс. Себебі олар әлеуметтік желіде белсенді, түрлі платформаларды еркін пайдаланады.

Тархан Закарин, Астана қаласының «Сарыарқа»  ауданы прокуратурасының бөлім бастығы:

- Цифрлық  ортадағы қауіпсіздіктің алдын алу және де ондағы құқықбұзушылықтардың алдын алу. Және де кибергигиена қалыптастыру мақсатында, «Киберқауіпсіздік жасанды интеллект» деген форум өткізілуде. Форум қатысушылар студенттер мен кәмелетке толмаған мектеп оқушылары.

Сарыарқа ауданының прокуратурасында киберқауіпсіздік саласындағы профилактикалық жұмыстың маңызы артып келе жатқанын айтады. Жастарға бұдан өзге де осы бағыттағы түрлі шаралар жасалып жатыр. Яғни олардың дұрыс ақпарат алып, цифрлық сауатты болуына барлық жағдай жасалмақ.