Қ.Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты

Қ.Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты

Энергетика секторы Қазақстан мен Қатар экономикасының негізгі қозғаушы күші.  Бұл ретте біздің ел мұнай және газ қорын барлау үшін мол мүмкіндіктер ұсынуға дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстелінде осылай деп мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз маңызды кен орындарын ашу үшін әлемдегі үздік тәжірибелерді енгізіп жатырмыз. Осыған орай энергетика саласындағы Қатар компанияларын геологиялық барлау, мұнай химиясы, мұнай мен газды тасымалдау, өңдеу жобаларына белсенді атсалысуға шақырамын.

 

Мемлекет басшысы жаңартылатын энергия секторындағы ықпалдастық мәселесіне де арнайы тоқталды. Қазақстанның бір трлн-киловатқа бағаланған баламалықуат көздерінің әлеуеті осы саладағы жаһандық ойыншылардың назарын аударды. Олар осы бағытта бірнеше жобаны іске асыруға міндеттеме алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар компанияларын кобальт, литий және басқа да әлем экономикасына қажет аса маңызды шикізат түрлерін өндіру және өңдеу ісіне атсалысуға шақырды. Бұдан бөлек, Президент ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан территориясы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын әрі жерінің 70 пайызы ауыл шаруашылығына жарамды ел ретінде Орталық Азиядағы астықты өлке саналады. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері 80-нен астам мемлекетке экспортталады. Аталған саладағы өнімділікті үш есе арттыру арқылы экспортты екі есе ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қазақстан Қатар нарығына халал және табиғи таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізетін сенімді серіктес бола алады.

Мемлекет басшысының пікірінше, цифрландыру секторы – екі елдің күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі. Бұл ретте, БҰҰ Қазақстанды цифрлық технологияларды бейімдеу бойынша үздік отыз елдің қатарына қосқанын айта кеткен жөн. Соңғы үш жыл ішінде IT саласындағы экспорт 16 есе ұлғайып, шамамен 500 миллион долларды құрады. Қазақстан Президенті медицина, фармацевтика және биотехнология салаларындағы байланыстарды екі ел ықпалдастығының тағы бір маңызды бағыты ретінде атап өтті. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы Қатардың Орталық банкімен, Қатар қаржы орталығымен және Қатар қор биржасымен берік іскерлік байланыс орнатқанын еске салды. Оның пікірінше, АХҚО-да Қазақстан-Қатар тікелей инвестициялар қоры құрылса, ол бірлескен кәсіпорындарды қаржыландыратын алаң болар еді. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қатар бизнесмендерін биыл маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.