Қазақ-қытай шекарасында жүк көліктері кептеліп тұр
Президент үлкен жиында айтқан мәселенің бірі бүгін
Астанада қозғалды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына бір топ бизнесмен жүк
өткізу пункттерінде кедергілерге тап болып жатқанынан айтып шағымданған.
Сөздеріне қарағанда, Қытай мен Қазақстан шекарасындағы «Нұр жолы» және «Достық»
кеден бекеттерінде қазір жүздеген жүк көлік тұрып қалған. Өйткені CarGoRugsat
электронды кезек жүйесінде кемшілік бар. Мәселен, шекараны кесіп өтуге өтініш
беріп, бірақ қандай да бір себеппен одан уақытылы өте алмай қалсаң, кезек
автоматты түрде жүйеден алынбайды. Бекетте ұзынсонар кезек түзіліп, тауарлардың
кешігіп жатуына осы себеп. Тағы бір мәселе – бекеттердің өткізу қабілеті төмен.
«Инфрақұрылымды дамытуды қажет етеді», - дейді мамандар. Қазір барлық
мемлекеттік шекаралар арқылы тәулігіне 500-ден астам жүк көлігі өтеді. Ал, бұл
өте аз көрсеткіш.

