Қазақ-тәжік қатынасы одақтастық деңгейіне көтерілді

Қазақ-тәжік қатынасы одақтастық деңгейіне көтерілді. Бүгін екі елдің президенттері осындай тарихи құжатқа қол қойды. Бұл келісім-шарт экономиканың әр саласына серпін бермек. Қазақстан Президентінің Тәжікстанға сапары аясында тағы қандай стратегиялық шешімдер қабылданды?


Тәжікстан Ұлт Көшбасшысының сарайы. Әлемдегі ең әсем, ең үлкен үш резиденцияларының бірі. Біріншісі АҚШ-тағы Ақ үй, екіншісі біздің Ақорда. Сол Ақорданың иесі, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты бүгін осы зәулім сарайда салтанатпен қарсы алды.


Тәжікстан туы да әлемдегі ең биік тұғырға ілінген. Қашан да кеңдік пен асқақтыққа ұмтылатын тәжік жұрты қазақ президентін отшашумен қарсы алды. Мұнысы 35 градус ыстықтағы ізет-ықыласты одан сайын қыздыра түскендей.

Қазақстан - Тәжікстанның ең басты бес сауда серіктесінің бірі. Бірнеше халықаралық ұйымда одақтас. Екі елдің жүзге тарта бірлескен жобасы бар. Енді сауда-экономика, көлік-транзит, энергетика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары саласындағы байланыс одан сайын беки түспек. Бүгін екі Президент қос елдің қатынасын жаңа деңгейге көтеретін тарихи құжатқа қол қойды.