Қазақстан БҰҰ миссияларына қатысу үшін бітімгерлерді жібереді

Қазақстан БҰҰ миссияларына қатысу үшін бітімгерлерді жібереді

Қазақстан БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысу үшін Таяу Шығыс пен Африка елдеріне 430 әскери қызметшіні жібереді. Тиісті шешімді еліміздің Парламенті мақұлдады. Палаталардың бірлескен отырысында Мемлекет басшысының атынан осы ұсынысты қорғаныс министрі жеткізді. Бітімгерлік контингентті орналастыру наурыз айында басталмақ. Бұл үшін Біріккен Ұлттар ұйымымен келісім жасалды. Құжат оның ішінде қаржылық, миссияға қатысатын контингенттің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу мәселелеріндегі тараптардың міндеттемелерін айқындайды. Техника мен жеке құрамды жеткізуді Қазақстан толықтай өз мойнына алады. Бітімгерлік операцияларға қатысу Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін көтеріп қана қоймай, қарулы күштерге біліктілігін арттырып, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Оның үстіне, еліміз тек әскери бақылаушы мен штаб офицерлерінен бөлек, бірқатар арнайы жасақтарды да жіберуге әзір. Оның ішінде құрлық, медициналық, барлау және инженерлік бөлімдер толықтай әзір.

 

Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:

– Біздің бірінші кезектегі мақсатымыз – Голан төбесіне бару. Бұл миссияның ерекшелігі – бұл тапсырманы біз алғаш рет өздігімізден орындаймыз. Бірінші кезекте бітімгерлерге атқаруы тиіс тапсырма заңға сәйкес болады. Ол бойынша, жанжалдасқан тараптардың арасында жаңа қақтығыстарды болдырмау, белгіленген учаскелерді және блок-бекеттерді күзету, елді-мекендерді миналарды тазарту, гуманитарлық функцияларды жүзеге асырып, жүктерді жеткізу және өзге де міндеттерді атқару керек. Жалпы, атқарылатын жұмыс тізбегі жетерлік.