Қазақстан инвестиция көлемі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр

Қазақстан инвестиция көлемі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр

Қазақстандық фармацевтикалық компаниялар жаңа дәрі-дәрмек өндірісін іске қоспақ. Осы мақсатта Үкімет жалпы құны 316 млрд теңгені құрайтын алты инвестициялық жобаны мақұлдады. Бұл туралы Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында айтылды. Инвесторлар Қазақстан бизнесіне қаржы құюмен ғана шектелмей, кадр даярлау процесіне қатысып, технология трансфертін арттыруға да үлес қоспақ.

Сүндет Оралбек, Тілші:

- Үкімет барлық салада инвесторлармен сындарлы диалогқа ашық. Осылай деген Премьер-министр Олжас Бектенов қазір проактивті инвестициялық саясатқа басымдық беріліп отырғанын айтты. Қазір жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны дамытуға ден қойылған.Себебі бұл бастама кәсіпкерлердің табысын 20-40 пайызға арттырады. Бұл бағытта нақты қадамдар да жасалды. Стартаптарға серпін беру үшін Венчурлық инвестициялар қоры құрылды. Нәтиже қуантады. Құны 1 млрд доллардан асатын Playrix, Mytona және NetCracker сынды алпауыт компаниялар Қазақстан нарығына кірді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі

Ел Президентінің нұсқауларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан стратегия цифрлық секторды қарқынды дамытуға және IT қызметтері экспортының көлемін биыл $1,2 млрд-қа дейін арттыруға бағытталған. Тұтастай алғанда, цифрлық трансформация және ЖИ дамуы біз үшін тұрақты экономикалық өсу, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды элементтер саналады.

Елге инвесторларды тарту Үкіметтің алдында тұрған маңызды мәселенің бірі. Бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Экономикамызға қаржы құям деген шетел азаматтарына 10 жылға дейін елде тұруға рұқсат берілді. Олардың құқығын қорғау да назардан тыс қалмайды. Соның арқасында елімізге тартылған инвестиция көлемі бойынша Орталық Азияда көш бастадық. Былтырдың өзінде шетелдік капитал есебінен бірнеше зауыт бой көтерді. Мысалы, фармацевтика саласында жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған бастамалар қолға алынды. Енді кордиологиялық және онкологиялық ауруларды емдеуде тың тәсілдер қолданылады. Мұндай дерттерге дауа болатын дәрілер ел аумағында өндірілмек.

Адам Алексеюк, Polpharma Santo бас директоры:

- Біз Polpharma Santo компаниясы ретінде инвестициялауды жалғастырамыз және Қазақстан азаматтарына кардиология, онкология және антибиотиктер саласындағы терапияның жаңа әдістеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін келісімшарт бойынша жұмысты аяқтаймыз. Өткен жылы біз өзіміздің инновациялық және зертханалық орталықтарымызды салдық, ал осы жылдың сәуір айында өзіміздің R&D орталығымызды ашамыз.

Дәрі-дәрмектің түпнұсқалылығын бақылау да күшейеді. Фармкомпаниялар елге жеткізілетін барлық өнімді таңбалап, нарықтың ашықтығын қамтамасыз етпек. Сондай-ақ, қазір денсаулық сақтау, құрылыс, көлік-логистика, жер қойнауын пайдалану секілді салаларда жаңа жобалар талқылануда. Инвесторлар өз кәсіпорнында жұмыс істейтін мамандарды оқытып, даярлайды. Біліктілігін арттырады.